Ұстаздың әншінің ұлына да білім беруінің себебі - олардың туыстық байланысында емес. Жай ғана Ләззат Қайырханқызы, шынында да, өте керемет ұстаз. Мұны оның жұмыс істеу әдісіне қарап-ақ байқауға болады. Мысалы, ұстаз балалардың көңіл-күйін көтеру үшін арнайы музыка мен түрлі әдістерді қолданады. Әдістерінің бірі - ол 1 минут 40 секунд ішінде балаларды сыныпқа билеп, музыкамен кіргізеді. Яғни, оқушы сыныпқа кірер кезде оған белгілі бір іс-қимыл көрсетеді, ол оны қайталап, баланы құшақтайды. Мұндағы мақсат - баланың көңіл-күйін көтеру. Өйткені Ләззат Қайырханқызы бала еңбектенуге келе жатыр деп есептейді. Мәселен, үйде бір тірлік істеу үшін, қарапайым тамақ дайындау үшін көңіл-күй керек. Оның сөзінше, асты көтеріңкі көңіл-күймен, бар махаббатыңды салып әзірлейтін болсақ, өте дәмді болып шығады. Бала да сол секілді, оны күліп қарсы алу керек, күліп шығарып салу керек. Осының арқасында, бала жақсы көңіл-күйде отырады, солай үйіне қайтады. Ата-анасының алдына күлімсіреп барады.
2018 жылы осы әдісті видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаған, ол көп қаралым жинады. Мұғалім видеоның желіде жылдам тарауы оның жұлдыз-мұғалім атануына бірден-бір септігін тигізді деп санайды.