Аспан айырылғандай үн естілді. Қоюланып келе жатқан қараңғылық жұтып қойғандай жоқ болды. Айнала жап-жарық боп кетті. Міне, ғаламат! Артиллерия рейхстагты мылжалап жатыр. Ине түссе табылғандай жарық.
– Григорий, қолайлы сәт, кеттік!
Қол ұстасып ұшып келеді. Көздеріне түк көрінбейді. Құлақтары да тарс бітелгендей. Бәрін ұмытты. Осы сәт бұл дүниеде өздерінің бар екенін де ұмытты. Әлден уақытта аяқтары баспалдаққа тиді. Жүгіріп келеді, өрлеп келеді. Шын ба, өтірік пе? Үйдің қабырғасы, үлкен де зілдей діңгектер. Жау ұясы. Соңғы ұясы... Қолдары қабырғаға тиді.
«Тірісің, тірісің!»
Жүректері осылай деп соғады. Бірақ одан да қатты тулатып тұрған бір жай бар. Сәл естерін жиды.
– Шық иығыма! Ал мына туды.
Осы сөздің естілуі-ақ мұң екен, Григорий ыршып Рахымжанның иығына шықты.
– Жолдас лейтенант, қадайтын жер жоқ!
– Суыр кірпішін. Міне, мына тұсың терезе.
Әлден уақытта Григорийдің:
– Все! – деген даусы естілді. Жерге қарғып түсті. Рахымжан екеуінің құшағының қалай айқаса кеткенін білген жоқ. Бірін-бірі сүйіп жатыр.
Тықыр естілді. Шошып кетті. Қаруларын кезене қалса, өзіміздің офицер.
– Кімсіздер, қай батальоннан?
– Давыдовтың!
– Молодцы!
Осы сәтте уралаған үн жер тітіретті. Манағы өздері өте алмаған алаң үсті ине шаншар жер жоқ, қайысқан адам қаптап келеді...