Барлық саладағы жұмыс берушілер білікті кадрлардың жетіспейтіндігіне, түлектердің білімі мен дағдыларының жоқтығына шағымданады. Біздің қазақстандық мамандар - көп жағдайда тек қағаз жүзіндегі мамандар. Бұл жеке студенттің, оқытушының немесе колледждің кінәсі емес, бұл - жүйелі мәселе. Мен сізге өмірімнің бір ерекше жағдайын айтайын. 2000-жылдардың басында бірінші тұңғышым дүниеге келгеннен кейін көлік жүргізуді ұйғардым. Курстарға жазылдым, оларға қалмай барып жүрдім, ережелерді үйрендім, алдымен автодромда, содан кейін қала бойынша нұсқаушымен тәжірибеден өттім. Емтихан өтетін күні біз жол полициясына 20 адамнан тұратын топпен келдік, бірден біздің топқа "кеңесші" келіп, емтиханнан сәтті өту үшін қанша ақша жинау керегін айтты. Мен төлемейтінімді және 100 пайыз тапсыруға дайын екенімді айттым. Ол әлі ешкім өздігінен тапсыра алмағанын және емтихан алушы мені қалай құлата салатынын айтты. Барлығы ақшамен тапсырды, мен емтихан тапсыруға бірінші болып кірдім. Емтиханды әп-дегеннен сәтті тапсырдым. Нәтижесінде бәріміз, 20 адам бірдей жүргізуші куәлігін алдық. Сол сияқты біздің еліміздегі емтихандардың көпшілігі, мейлі ол мектеп, колледж, университет болсын, осылай өтеді. Дайындалып, шын біліммен тапсыра алатындар санаулы, бірақ диплом бәріне бірдей беріледі. Есептеп көрсек, 20-дан 1, бұл - 5 пайыз. Тағы бір оқиға Атырауда болды. Бір өндірістік компания бізден қазақстандық дипломдары мен куәліктері бар 200 дәнекерлеушіні тәжірибелік тестілеуден өткізуді сұрады. 200 адамның 20-сы тестіні сәтті тапсырды. 200-ден 20-ны есептеп көріңіз, бұл - 10 пайыз. Енді 30 жыл ішінде қанша диплом берілгенін елестетіп көріңіз, кім өзі тапсырғанын, кім төлеп өткенін ешкім білмейді. Ал, бұндай тобырдан нағыз маманды табу өте қиын, - деп әңгімесін сабақтай түсті.