Мен өмір сүргім келмеді, қуанып, күлгім де келген жоқ, өлгім келді. Күн-түн демей жылай бердім. Айналамды жек көріп кеттім. Ауыр күйзеліске түстік, тұңғыш қызым Томирис қана үміт сыйлады. Небәрі төрт жастағы қызым ішімді сипалап «Анашым, ол жақта бала бар, есімі Бекбол, оған велосипед тебуді үйретемін» дейтін. Бір қарағанда қарапайым сөз болғанымен, дәл осы сөзден қанаттандым. Аборттан бас тартып, ұлымыздың өмірге келгенін күтіп, Жаратқаннан үміттендік. Күйзелістен Атырауға ата-анама кетіп қалдық, сіңілімнің тойына дайындала бастадық. Уақыт қалай зымырап өте шыққанын да аңғармай қалдым, жүктіліктің 36-аптасында, 29 қыркүйекте, таңғы 11-де балам дүниеге келді! Дәрігерлердің диагнозы расталды – баланың салмағы 2,5 келі болды, тыныс ала алмады. Бірден жансақтауға жатқызылды, екі сағат өткенде әл жинап алған соң қасына бардым. Ол жақта күйеуім тұрды, көзінен жас ыршып шықты»