Грантқа қол жеткізуге 100% мүмкіндік.


Тегін білім алу үшін қай мамандықты
таңдау керек?
Кім болатыныңызды таңдай алмай, бас қатырған кездер есіңізде ме? Бұл таңдау 11 сыныпқа таяған әр оқушыны мазалайды. Көңілден шығып, кейін өкініп қалмайтын, әрі грантқа түсетіндей мамандықты қалай таңдау керек?

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылы грантқа үміткерлер арасында қай мамандықтарға сұраныс жоғары болғанын, ал қайсыларына сұраныс болмағанын анықтап, талдау жасады.


Биыл бакалавриатта білім алуға мемлекет 73 мың грант бөлді.

Бұл ретте, күндізгі оқу бөліміне түсуге 89 мың адам өтініш берген.

Гранттардың басым бөлігі - 60% - техникалық мамандықтарға берілді.

Стоматологтар, заңгерлер мен дизайнерлер
Әр сала бойынша грантта оқуға берілген өтініштерді талдай отырып, жастар арасында дәрігерлер мен заңгер мамандықтарының танымалдылығы әлі де сақталып тұрғанын көруге болады. Талапкерлер 1 орынға таласушылардың қатары көп болғанына қарамастан, осы мамандықтарды таңдайды.

Өтініш бергендердің саны тегін білім алуға бөлінген орындардан асып түскен сұранысқа ие ТОП-5 сала:
1
Стоматология (1 орынға 22 адам)
2
Халықаралық қатынастар мен дипломатия (1 орынға 13 адам)
3
Құқық (1 орынға 11 адам)
4
Психология, сән және дизайн (1 орынға 9 адам)
5
Филология, журналистика и репортаж ісі (1 орынға 7 адам)

Сондай-ақ, жас буын арасында ақпараттық технологиялар, биологиялық және қосалқы ғылымдар мен педагогикалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары болып тұр. Әсіресе, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі (грант - 210, үміткерлер саны – 5 мыңнан астам), музыка мұғалімі (грант - 35, үміткерлер саны - 409) мен шет тілдері пәнінің мұғалімі (грант - 985, өтініштер саны - 3,5 мыңнан асады) мамандықтары аса танымал.


Мына мамандықтардың конкурсы бойынша ең төменгі өту баллы 130-дан басталды:
Стоматология - 130 балл;
Халықаралық қатынастар мен дипломатия – 126;
Математика мұғалімдерін даярлау – 125 балл;
Шет тілі мұғалімдерін даярлау – 122;
Журналистика және репортаж ісі – 120 балл;
Сән, дизайн, сонымен қатар, менеджмент және басқару – 119;
Аударма ісі – 118 балл;
Құқық, шығыстану – 116;
Филология, саясаттану – 115 балл;
Мәдениеттану – 114.

Осыдан барып, талапкерлердің ниеттері мен мамандықтар бойынша бөлінген гранттар санының сәйкеспеу мәселесі туындайды. Нәтижесінде бір мамандықтың бір орнына 20-дан астам адам таласса, Қазақстан үшін ең қажетті саналатын басқа мамандықтарға түсетіндер тапшылығы жоғары болады.
Мәселен, "балық шаруашылығы" мамандығына 110 грант бөлінген. Бірақ небәрі 11 адам оқуға түсуге өтініш берген. Қарапайым есептеу арқылы мұндағы 100-ге тарта грантқа сұраныс мүлдем жоқ екенін анықтауға болады.

Механиктер, агроинженерлер мен ветеринарлар қайда?
Техникалық, яғни жұмысшы мамандықтардың жағдайы да дәл осындай. Грант көп – оқығысы келетіндер аз. Өндіріс, өсімдік шаруашылығы, механика, металл өңдеу, пайдалы қазбаларды өндіру салаларына жастар мүлдем қызықпайды. Есесіне, грантқа қол жеткізіп, мемлекет есебінен тегін білім алу мүмкіндігі 1000% дейін жетеді. Ол аздай, Қазақстан нарығында бұл мамандықтардың тапшылығы да өршіп тұр.

Мәселен, "Тоқыма: киім, аяқ киім және былғары бұйымдары" мамандығына бөлінген 971 грант иесіз қалды. Бұл мамандықты тегін меңгергісі келетіндер саны небәрі 123 адам болды.

752 грант бөлінгенімен, ветеринар болуға тек 514 талапкер ниет білдірген. 238 орын бос қалды.

Механик те жастардың арманындағы мамандық емес болып шықты. 528 грант бөлінген, ал жұмысшы мамандығын игергісі келетіндердің қатары 124 адамды ғана құрады.

100% грантқа түсу үшін қай мамандықты таңдаған жөн?

Ең төменгі өту баллы 50 баллды құрап, аз конкурс болған мамандықтар мыналар:
- Механика;
- Химиялық инженерия және процестер;
- Материалтану және технологиялар;
- Механика және металл өңдеу;
- Көлік техникасы және технологиялары;
- Материалдар өндірісі (шыны, қағаз, пластик, ағаш);
- Тоқыма: киім, аяқ киім және былғары бұйымдары;
- Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру;
- Өсімдік шаруашылығы;
- Мал шаруашылығы;
- Балық шаруашылығы;
- Су ресурстары және суды пайдалану;
- Ветеринария;
- Магистральді желілер және инфрақұрылым;
- Көлік құрылыстары;
- Сумен қамтамасыз ету және суды әкету;
- Агроинженерия.

Себебі неде?
Министрлік жастардың аталған мамандықтарға қызықпауын бірнеше себеппен байланыстырады. Біріншіден, еңбекақысы аз, мәселен, аграрлық секторда. Тау-кен саласында жұмысшыларға жасалған жағдай заманауи стандарттарға сай келмейді, әрі шетел азаматтарымен салыстырғанда, бұл мамандарға еңбек нарығында сұраныс төмен. Ал екіншіден, осы салаға мамандар даярлайтын ЖОО мен кәсіпорындар арасындағы өзара әрекеттестік жеткіліксіз болып тұр.